Жамбыл облысында қолайсыз ауа райында полицейлер жол қауіпсіздігін күшейтілген режимде қамтамасыз етуде
Жамбыл облысында қолайсыз ауа райында полицейлер жол қауіпсіздігін күшейтілген режимде қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында қолайсыз ауа райының салдарынан полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Тәулік бойы жүргізіліп жатқан бақылау мен алдын алу шараларына полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Олар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, автокөлік жүргізушілеріне көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда көліктерді сүйемелдеуді жүзеге асыруда.
Түнгі уақытта республикалық маңызы бар Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолында бірнеше жерде жүк көліктерінің топталып қалуы тіркелді:
• 240-шақырымда (Қайнар ауылы) – шамамен 250 жүк көлігі,
• Ақыртөбе ауылы маңында – 50-ге жуық көлік,
• 518-шақырымда (Жамбыл ауданы) – 150-ден астам ауыр жүк көлігі тоқтатылған.
Жолды қардан тазалау және қозғалысты қалпына келтіру жұмыстары күшейтілді. Түркістан облысы бағыты бойынша 6 арнайы техника, жаңа Қордай асуында – 6 бірлік (4 жол машиналары, 2 грейдер), ал ескі Қордай асуында – 5 техника (4 жол машиналары, 1 грейдер) жұмыс істеп жатыр.
Түркістан облысы бағыты бойынша қозғалыс бүгін сағат 12:00-де толық ашылды. Ал жаңа Қордай асуында қозғалысты қалпына келтіру жұмыстары сағат 15:00-де аяқталуы жоспарлануда. Жүк көліктері кептеліс туғызбауы үшін оларды кезең-кезеңімен өткізу ұйымдастырылған.
Қолайсыз ауа райына қарамастан, өңірде төтенше жағдайлар мен жол-көлік оқиғалары тіркелген жоқ. Полиция қызметкерлері жолда қалып қойған жүргізушілерге көмек көрсетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастыруда.
