Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында құқық бұзушылықтың алдын алу заманауи технологиямен күшейтілді

Жамбыл облысында құқық бұзушылықтың алдын алу заманауи технологиямен күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының "Заң мен тәртіп" қағидатын берік орнықтыру жөніндегі тапсырмасы аясында еліміздің пробация қызметінің жұмысына заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер қарқынды енгізілуде.

Бұл бағыттағы реформалардың нәтижелі болуына жергілікті атқарушы органдардың қосып отырған үлесі өте қомақты. Қазіргі таңда құқық бұзушылықтардың алдын алу және сотталғандарды қоғамнан оқшауламай-ақ қайта тәрбиелеу ісінде электрондық бақылау жүйесі шешімді рөл атқаруда.

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен 200 жаңа электрондық білезік сатып алынып, пробация қызметіне пайдалануға берілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысы бойынша қылмысты-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі есебінен қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға кесілген 3110 тұлға өтті, оның 131-іне электрондық бақылау құралдары қолданылды. Нәтижесінде заманауи құрылғылардың көмегімен жаза өтеу тәртібін бұзған 45 дерек анықталды.

GPS навигациясы арқылы жұмыс істейтін бұл жоғары технологиялық құрылғылар сотталған адамның орналасқан жері туралы ақпаратты мониторинг орталығына үздіксіз жолдап, тәулік бойы қадағалау жасауға мүмкіндік береді. Бұл жүйенің басты артықшылығы – ол қайта қылмыс жасау қаупін төмендетіп қана қоймай, жазасын өтеушінің жұмыс істеуіне, отбасымен бірге болуына және әлеуметтік ортадан қол үзбей тезірек түзелуіне оң ықпал етеді.

Пробация қызметінің материалдық-техникалық базасын цифрландыру арқылы нығайту – өңірдегі құқықтық тәртіптің сенімді кепілі. Әкімдік пен құқық қорғау органдарының осындай бірлескен жұмысы мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетіп, облыс аумағындағы тыныштық пен қоғамдық қауіпсіздіктің берік іргетасын қалайды.

Жауап қалдыру