Жамбыл облысында қызметтік ит ер адамның көлігінен кептірілген марихуана тапты
Жамбыл облысында қызметтік ит ер адамның көлігінен кептірілген марихуана тапты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында полицейлер республикалық "Қарасора" жедел алдын алу іс-шарасы барысында Сэм атты қызметтік иттің көмегімен 3 келіден астам кептірілген марихуананы сақтау дерегін анықтады.
Күдікті — Сарысу ауданының 33 жастағы тұрғыны. Ер адамды полиция қызметкерлері Аса – Тараз автожолында Volkswagen Passat көлігімен үйіне қайтып бара жатқан кезінде тоқтатқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол бұған дейін арнайы дайындалған жасырын орнынан есірткі салынған түйіншектерді алып кеткен. Есірткі заты көлік ішінен табылды.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігімен (Есірткі заттарын ірі мөлшерде заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.