Жамбыл облысында соңғы қоңыраудан кейін 70-тен астам жасөспірім полицияға жеткізілді
Жамбыл облысында соңғы қоңыраудан кейін 70-тен астам жасөспірім полицияға жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетсек, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық ортаға тартуды болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 25 мамырында Жамбыл облысының барлық мектептерінде соңғы қоңырауға арналған іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері жастар көп жиналатын орындарда патрульдік қызмет жасақтарының тығыздығын күшейтті, сондай-ақ шомылу орындары бақылауға алынды.
Қоғамдық тәртіпті бұзуды, оның ішінде мектеп оқушыларының қатысуымен орын алуы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қатысты жағдайды бақылау мақсатында Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатарынан жедел штабтар құрылды.
– Кафе мен мейрамханаларда мектеп бітіру кешін тойлауға немесе шақырылғандар көп жиналатын осындай іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тараз қаласының қызыл аймақта екендігін ұмытпауымыз керек, осыған байланысты барлық ойын-сауық орындары құқық қорғау органдарының жіті назарында болады, – деді облыстық ПД-нің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.
Аталған мереке қарсаңында облыстың барлық мектептерінде ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмауға және жасөспірімдердің бос уақытына назар аударуды күшейтуге бағытталған ата-аналар жиналысына қатысты.
Мобильді топтардың рейдтері барысында ішкі істер органдарына 72 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 76 ата-ана мен өзге де заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін кафе-бардың екі иесі жауапкершілікке тартылды. Дүкеннің екі иесі- алкоголь өнімдерін сату ережелері туралы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін, 71 ата-ана кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамаудың бір дерегі анықталды. Тұтастай алғанда, облыс бойынша іс-шаралар өткізу барысында төтенше жағдайлар орын алған жоқ. Кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекеттерге тарту деректері анықталмады, – деп сөзін түйіндеді Қуанышбек Қалжанов.