Жамбыл облысында сотталғандар психологиялық тренингке қатысты
Жамбыл облысында сотталғандар психологиялық тренингке қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер үшін “Стресс және оның алдын алу” тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Тренинг барысында мекеме психологы Айгерім Саурбаева сотты болғандарға тақырып аясында бейнероликтер көрсетіп, тиісті сұхбаттар жүргізді. Сондай-ақ бұл күні арнайы контингент өкілдеріне өздерін мазалаған сұрақтарға толыққанды жауап алуға мүмкіндік берілді.
– Жалпы, сотталғандардың түзеу мекемесінің психологтары тарапынан психологиялық көмек алуға құқығы бар. Мекемеде жазасын өтеушілердің қатысуымен түрлі психологиялық бағыттағы шаралар жиі өткізіліп тұрады. Бұл сотты болғандар үшін оң нәтиже береді деп сенеміз, – дейді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Мадияр Маханов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда қауіпсіздігі барынша төмен аталған мекемеде 100-ден астам азамат жазасын өтеп жатыр.