Жамбыл облысында тактикалық көпсайыстан республикалық турнир аяқталды
Жамбыл облысында тактикалық көпсайыстан республикалық турнир аяқталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөліністері арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Ауыспалы кубогына арналған тактикалық көпсайыстан республикалық жарыс аяқталды.
Турнир облыстық полиция департаментінің Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигонының базасында өтті.
Төрт күнге созылған тартысты бәсеке барысында еліміздің барлық аймақтарынан келген 19 команда төтенше және сын-тегеурінді жағдайларға тән нақты жағдайларға барынша жақын бірқатар сынақтардан өтті.
Полицейлер іс-әрекеттің әсерлі үйлесімділігін, әртүрлі қару-жарақтардан дәл ату бойынша кәсіби дағдыларын, төзімділік пен жоғары моральдық-психологиялық дайындықтарын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Ұлытау облысы полиция департаментінің командасы иеленді. Жеңіс тұғырының екінші сатысына Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері табан тіреді.
Жамбыл облысы полиция департаментінің командасы арнайы мақсаттағы бөліністер арасындағы тактикалық көпсайыстан республикалық турнирдің чемпиондары атанды. Оларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Ауыспалы кубогы табыс етілді.