Жамбыл облысында "Тараз – қауіпсіз қала: жастармен бірге" іс-шарасы өтті
Жамбыл облысында "Тараз – қауіпсіз қала: жастармен бірге" іс-шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
28 сәуірде Тараз қаласындағы "Баласағұн" орталық концерт залында "Тараз – қауіпсіз қала: жастармен бірге" атты кең көлемді іс-шара өтті. Шара жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталды.
Жиынға облыс әкімі, полиция департаментінің басшылығы, өңірдегі белсенді жастар, көпке белгілі жас дарындар мен студенттер қатысты.
Іс-шараны Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, жастардың қоғамдағы рөлі мен қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.
Кездесу аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев баяндама жасап, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Ол өз сөзінде "Заң және тәртіп" қағидатын басты бағдар етіп, жастардың құқықтық санасын арттыру, заңға деген құрметті қалыптастыру және қауіпсіз қоғам құрудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Іс-шара модераторы Елдос Қадірханов жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушылар арасындағы байланысты тиімді үйлестіре білді. Өзінің ұтқыр сұрақтары мен орынды пікірлері арқылы кездесудің мазмұнды әрі қызықты өтуіне септігін тигізді.
Сонымен қатар жүргізушілер, белгілі әзілкештер — "Миллион" командасы да өз өнерлерін тарту етті. Сондай-ақ жиында ақын, жазушы Қалшабек Абай және ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі домбырашы Ибрагим Ескендір сөз сөйлеп, жастарды білімге, тәртіпке, отанды сүюге және адалдыққа шақырды.
Концерттік бағдарламада қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің маңыздылығын бейнелейтін сахналық көріністер қойылып, патриоттық әндер орындалды.
Іс-шара жастарға рухани серпіліс сыйлап, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.