Жамбыл облысында тергеушілер мен анықтаушылар үшін практикалық сабақтар ұйымдастырылды
Жамбыл облысында тергеушілер мен анықтаушылар үшін практикалық сабақтар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының полиция департаментінде тергеу және анықтау желісі бойынша 7 айдағы жұмыстың қорытындысы кеңейтілген жедел кеңесте қаралды. Жедел кеңеске ПД бастығының орынбасары Байжан Байгелді, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары, тергеушілер, анықтаушылар мен криминалистер қатысты.
Талқылау барысында қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу кезінде туындайтын проблемалық мәселелерге ерекше назар аударылды. Бөліністердің алдына тергеу және анықтау сапасын арттыру, жедел қызметкерлердің, тергеушілердің, анықтаушылардың жұмысындағы заңдылықты мүлтіксіз сақтау, жәбірленушілер мен айыпталушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау бойынша міндеттер қойылды.
Сондай-ақ тергеуде бей-жайлыққа жол бермеу, азаматтардың өтініштерін уақытылы қарау және тергеушілер мен анықтаушылардың кәсіби даярлық деңгейін арттыру жөніндегі шаралар талқыланды. Жол берілген бұзушылықтар үшін бірқатар басшы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар тергеушілер мен анықтаушылар практикалық сабақтарға қатысып, оқиға орнын тексеру, жеке тінту, автокөлікті тінту және есірткі мен психотроптық заттарды алу жолдарымен танысты.
Кеңес қорытындысы бойынша қылмыстық істерді тергеу сапасын жақсарту бойынша полиция органдары мен прокуратураның өзара іс-қимылын күшейту туралы шешім қабылданды.