Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында колониаға тыйым салынған заттарды дрон арқылы жеткізу әрекеті әшкереленді

Жамбыл облысында тыйым салынған заттарды дрон арқылы жеткізу әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

22 қазан күні сағат шамамен 19:40-та Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты аралас қауіпсіздік деңгейіндегі №67 мекемесінде дрон арқылы тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті анықталып, оның жолы кесілді.

Оперативтік ақпарат бойынша мекеме маңайында дрон байқалған. Осыған байланысты мекеме қызметкерлерінен жасақталған патруль дереу оқиға орнына бағытталған.

Сағат шамамен 21:15-те дрон қайтадан мекеме аумағында, №1 және №2 режимдік корпустардың арасында, Қазпошта ғимараты жағынан ұшып келе жатқан сәтте анықталған. Дрон медициналық-санитариялық бөлім қабырғасына соғылып, ішкі аумаққа қарай төмендей бастаған кезде мекеме қызметкерлері оны дер кезінде атып түсірген.

Тексеру барысында қара түсті FLODCbstacle avoidance DRONE ұшқышсыз ұшу аппаратының (сериялық нөмірі өшірілген) үстінен қара түсті шұлыққа оралған және скотчпен бекітілген буманың бар екені анықталды.

Оқиға орнына келген Тараз қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы буманы ашып тексеру кезінде жасыл түсті, ерекше иісі бар өсімдік тектес зат тапты. Алынған заттың есірткі тектес болуы мүмкін екені болжануда.

Аталған факт бейнетіркегішке жазылған. Дрон мен айғақ заттар полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта сот-химиялық сараптама тағайындалды және қызметтік тексеріс жүргізілуде. Тыйым салынған заттарды жеткізуге қатысы бар тұлғалар анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру