Жамбыл облысында ұрлық деректері 26,7 пайызға азайған
Жамбыл облысында ұрлық деректері 26,7 пайызға азайған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов «Facebook» парақшасында жазды.
– Ағымдағы жылдың үш айында облыс аумағында 574 бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 209 дерекке (26,7%) төмен. Біз осы бағыттағы жұмысты бұдан ары күшейте түсудеміз. Жалпы, мұндай қылмыстарды жасауға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – жәбірленушілердің өздерінің мүлкіне салғырт қарауы. Сол себепті, тұрғындарды жеке мүліктеріне мұқият, әрі сақ болуға шақырамын. Мәселен, қалта ұрылары адамдар көп жиналатын жерлерде жүреді. Жуырда Меркі ауданындағы базарда әйел адамның 40 мың теңге тұратын әмияны, банк картасы мен құжаттары ұрланған. Полицейлер осындай қылмыс жасағаны үшін ішкі істер органдарында есепте тұрған Түркістан облысының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті, сонымен қатар, 2020 жылы Жамбыл облысында дүкен сөресінен 850 мың теңге сомасында алтын бұйымдар салынған лоток пен 2019 жылы дүкен кассасынан 128 мың теңге көлемінде ақша ұрлағанын мойындады.
Бұл ретте, дүние-мүлкіміздің сақталуы тікелей өзімізге байланысты екенін жеткізгім келеді. Жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар, аулаларды сапалы бейнебақылау камераларымен жабдықтаған жөн, бөтен адамдарға үйде сақталатын зергерлік бұйымдар, бағалы заттар мен қаражат туралы айтпау қажет. Кәсіпкерлерден сауда орындарын бейнекамералармен, күзет сигнализациясымен, темір торлармен және темір есіктермен жабдықтауды сұраймыз, – деді полиция генерал-майоры.