Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында "Заң мен тәртіп" керуені аудандарға жол тартты

Жамбыл облысында "Заң мен тәртіп" керуені аудандарға жол тартты. Алғашқы кездесуде интернет-алаяқтық дерегі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында алғаш рет "Заң мен тәртіп" профилактикалық керуені бастау алды. Бұл полиция, прокуратура, жергілікті атқарушы органдар, заңгерлер мен психологтардан құралған мобильдік алаң. Олар аудандарды аралап, тұрғындардың өтінішін тікелей тыңдап, барынша көмек көрсететін болады.

Керуеннің алғашқы кездесуі Меркі ауданында өтті. Мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар және ауыл тұрғындары түрлі бағыттар бойынша мамандардан құқықтық кеңес алды. Олардың ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, прокуратура, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандар ісі, психолог, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, киберпол, экстремизмге қарсы іс-қимыл, әкімшілік полиция, көші-қон, төтенше жағдай, денсаулық сақтау мен отбасын қолдау орталығының өкілдері болды.

Ауыл көшелерінен керуен автобусын байқаған Меркі ауданының тұрғыны Медет Тулеев жиынға келіп, интернет-алаяқтардың құрбаны болғаны туралы шағымданды. Киберпол қызметкері сол жерде барлық мән-жайды мұқият сұрап, қажетті деректерді тіркеп, шағымның ресми түрде қабылданып, қаралуына жедел көмектесті. Қария мәселесінің бірден қолға алынғанына ризашылық білдірді.

Полиция мұндай формат халықтың жағдайымен жақын танысып, қылмыстың тек салдарымен күресуге емес, алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл жоба арқылы өңір тұрғындарын қандай мәселелер толғандыратыны айқындалып, алдағы жұмыстың басым бағыттары белгіленбек.

Қызу пікірталасқа толы алғашқы кездесуді аяқтаған керуен тобы сапарын Шу ауданына қарай жалғастырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру