Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам есірткі тәркіленді

Жамбыл облысында жыл басынан бері заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен тәртіп" қағидаты негізінде Жамбыл облысында жыл басынан бері полицейлер 434 есірткі қылмысын анықтады. Бұл туралы полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қанапяев хабарлады.

Заңсыз айналымнан 8 тонна 745 келі есірткі заты тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 тонна 651 келіге көп. Шу алқабынан есірткінің тасымалына жол бермеу мақсатында Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарының бағытында мобильдік топтар құрылды. Нәтижесінде 16 есірткі тасымалдау арнасына тосқауыл қойылып, 380 келіден астам марихуана мен 150 келі гашиш тәркіленді, 18 адам ұсталды. Трамадолды заңсыз сату фактісімен айналысқан 8 адамнан құралған ұйымдасқан топ әшкереленді.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары синтетикалық есірткімен күреске ерекше назар аударуда. 13 адам ұсталып, 9 келіден астам синтетикалық зат тәркіленді. Есірткі зертханасын ұйымдастырған Ресей Федерациясының екі азаматы ұсталып, 8 келіден астам мефедрон, екі тоннадан астам прекурсорлар мен арнайы құрал-жабдықтар табылды.

"Кибернадзор" ақпараттық жүйесі арқылы 2 458 сайт бұғатталды. "Антифрод" жүйесі арқылы 1 604 банк шоты бұғатталып, заңсыз 50,5 млн теңгенің аударымы тоқтатылды. 260-тан астам граффити жазба боялып, жойылды. Алдын алу шаралары аясында 62 мыңнан астам оқушыны қамтыған 815 профилактикалық іс-шара өткізілді.

1 маусымнан 30 қазанға дейін "Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. 6 399 гектар, яғни 3 870 тонна жабайы қарасора ору арқылы жойылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен үш есе көп. "Дәрмек" жедел іс-шарасының үш кезеңінде 3 қылмыстық және 68 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 9 мыңнан астам трамадол ампуласы есепсіз айналымда болғаны белгілі болды. 33 897 тонна прекурсор және 6 мыңнан астам психотроптық және есірткі препараттары тәркіленді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру