Жамбыл облысында жыл басынан бері полицияға 934 жасөспірім жеткізілді
Жамбыл облысында жыл басынан бері полицияға 934 жасөспірім жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар тәуліктің күндізгі мезгілінде оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жүзеге асырып, ал түнгі мезгілде қала көшелерінде рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Түнгі пысықтау жұмыстарының басты мақсаты— жасөспірімдер тарапынан, жасалатын, сондай-ақ оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Түнгі сағат он екі шамасында Тараз қаласының компьютерлік клубтарының бірінде заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемесінде болған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Құжаттарды тексеру барысында жасөспірімнің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың назарына бұдан бұрын да түнгі мезгілде жалғыз болғаны ішін түскені анықталды. Оқиға орнына жасөспірімнің анасы шақырылды, оған қатысты ҚР ӘҚБтК 442-бабының 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
Жыл басынан бері ювеналды полиция қызметкерлері облыс бойынша 300-ден астам рейдтік іс-шаралар және жергілікті «пысықтау» жұмыстарын жүргізді.
Полиция бөлімдеріне барлығы 934 жасөспірім жеткізілді. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде ересектердің ілесіп жүруінсіз болғаны үшін 639 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Облыс бойынша түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 64 кәмелетке толмаған жасөспірім тіркелді. Бүгінгі таңда есепте 195 бала тұр. Олардың әрқайсысымен полиция қызметкерлері мен мұғалімдер жеке жұмыс жасауда. Сондай-ақ, рейдтік іс-шаралар кезінде кәмелетке толмағандардың 12 жағдайда спирттік ішімдіктерді пайдалануына жол берілмеді.
Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары тек жасөспірімдер арасында ғана емес, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерімен де жүргізілуде. Түнгі көшелердегі рейдтерден басқа, инспекторлар тұрғылықты жері бойынша қолайсыз отбасыларды ұдайы тексерумен қамтуда.
– Жыл басынан бері өз балаларын тиісінше тәрбиелемегені үшін облыс бойынша 32 ата-ана жауапкершілікке тартылды. 40 қолайсыз отбасы есепке қойылды, 17 ата-ана немесе оларды алмастыратын адамдар ата-аналық құқықтарынан айырылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.