Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысындағы жолдар полицейлердің қатаң бақылауында

Жамбыл облысындағы жолдар полицейлердің қатаң бақылауында, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан бастап Жамбыл облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жеті ай ішінде автожолдарда 2 111 тексеру өтіп, 14 988 шақырым жол жабыны қаралды.

Тексеру нәтижесінде жол таңбасының бүлінуінен бастап инфрақұрылымның техникалық талаптарға сәйкес келмеуіне дейінгі түрлі сипаттағы 9 494 ақау анықталды. Қорытындысы бойынша жол ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде 2 111 нұсқама берілді.

Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекция бөлімінің бастығы Азамат Бақытұлы жолдардың жай-күйі тұрақты бақылауды және қатаң шараларды қажет ететінін атап өтті:

— Жолдардың күтім сапасы тікелей жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігіне әсер етеді. Біз барлық бұзушылықтарды тіркеп, олардың қысқа мерзімде жойылуын талап етеміз. Бұл ретте тек нұсқамалар берумен шектелмейміз — жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапты лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Адамдардың қауіпсіздігі — біздің басты басымдығымыз, — деді ол.

Анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті мекемелерге 1 084 ақпараттық хат жолданды. Нұсқамалардың орындалуы жоспарлы тәртіппен қадағаланып отыр.

Автожолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттемелерін орындамағаны үшін облыс көлемінде 263 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Сонымен қатар берілген нұсқамаларды орындамағаны үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдеріне және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Жамбыл облыстық филиалына ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша 31 әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру