Жамбыл облысының ПД бастығы Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті
Жамбыл облысының ПД бастығы Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы №2 учаскелік полиция пунктіне барып, материалдық-техникалық жабдықталуын тексерді.
Сонымен қатар, жергілікті ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде олар өздерінің сұрақтарын қойып, ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Іс-шараға сондай-ақ Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов қатысты.
– Кездесу барысында жұмыстың сервистік моделін енгізу, учаскелік инспекторлар қызметін реформалауда «полицияның қадамдық қолжетімділік қағидатын» жүзеге асыру туралы, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге тұрғындардың қатысуының маңыздылығы айтылды. Осы тұрғыда белсенділік танытып, алдын алу шараларына қатысып жүрген қоғамдық көмекшілерді грамоталармен марапаттадым, – деп атап өтті ПД бастығы.
Ауыл тұрғыны Сәуле Сахиева учаскелік полиция инспекторына жақсы жұмысы үшін, азаматтардың өзекті мәселелеріне немқұрайлылық танытпай, үнемі жедел әрекет ететіні үшін өз алғысын білдірді. Ол тұрғындардың учаскелік инспекторға тәуліктің кез келген мезгілінде жүгінетінін де айтты.
Сондай-ақ учаскелік инспекторларды әрдайым қолдап, өздерінің көпжылдық тәжірибесімен полиция қызметкерлерімен ұдайы бөлісіп отыратын ІІО ардагерлері Фермебай Жуанышев, Таңатар Досалиев сөз сөйледі.