Жамбыл облысының ПД бастығы халықпен есептік кездесу өткізді
Жамбыл облысының ПД бастығы халықпен есептік кездесу өткізді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қалалық Мәдениет үйінің үлкен залында Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев тұрғындарға 2024 жылға есеп беру кездесуін өткізді.
Кездесу барысында ол “Заң мен Тәртіп” қағидаты бойынша атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралар, өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстылық деңгейі және тағы басқа жұмыстар туралы баяндады.
Өткен жылы 2023 жылмен салыстырғанда өңірде қылмыс саны 8,9%-ға төмендеген. Ауыр қылмыстар мен ауырлығы орташа және онша ауыр емес санатындағы қылмыстар азайған.
Сұрақ-жауап бөлімінде азаматтар өндірістегі әкімшілік және қылмыстық істер, учаскелік инспекторлардың жұмысы, коммуналдық мәселелер, көшелерді жарықтандыру, камералар орнату, қауіпсіздікке қатысты түрлі сұрақтар қойды. Полиция құзыретіне кірмейтін бірқатар мәселелерді де көтерді.
Департамент бастығы халықтың барлық сұрағына ашық жауап берді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасап, қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосып жүрген белсенді азаматтар Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының Алғыс хатымен марапатталды.
Бақытжан Малыбаев тұрғындардың кез келген уақытта ұсыныстарын білдіруіне және өзекті мәселелерді көтеруіне мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Жиын соңында азаматтарды қосымша сұрақтары бойынша жеке қабылдады.