Жамбыл облысының полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңа өмір сыйлады
Жамбыл облысының полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңа өмір сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызметі қанша салқынқандылықты талап етсе де, полиция қатарында жомарттығы дархан даладай кең, жүрегі жұмсақ, мейірімді жандар баршылық. Жамбыл облысының полиция департаментінде қауырт жұмысымен қатар, қайырымды іс жасауды өмір салтына айналдырған қызметкерлер тізімі жеткілікті.
Полиция капитаны Ғалым Арыстанбаев үш туған ұлымен бірге сегіз баланы бауырына басса, полиция подполковнигі Диляфруз Кинжеханова өзінің бес баласына қоса төрт ұл-қызды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.
Жамбылдық сақшылардың жүректерді елжіреткен осы бір үлкен қадамға қалай барғаны жайында тоқталып өтсек.
Үш ұлының артынан тұлымы желбіреген қыз баласын армандаған Жамбыл облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторы Ғалым Арыстанбаев пен жұбайы Әлия өздері жиі барып тұратын балалар үйіне кезекті рет ат басын бұрады. Бір үйдің адамдарындай тату-тәтті тұратын балалардың біреуін алып кетерде бір-бірін қимай, көздеріне жас толғанын көрген полицей, оларды айырмайық деген оймен сегіз бірдей баланы асырап алған.
Алғашында туыстары қатты таңғалып, кейбірі тіпті қарсы болыпты, бірақ қазір олар материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да көмектерін аямайды.
Балалардың арасында әзірбайжан, өзбек, орыс, қытай ұлты бар болғанымен, олардың барлығы да қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мектебінде білім алады. Жары Әлия педагог маманы, алайда үйде балалардың тәрбиесімен айналысады.
5 ұл мен 6 қыздан құралған 11 балалы Арыстанбаевтар отбасы ауызбіршіліктерінің арқасында облыстық “Мерейлі отбасы” конкурсының жеңімпазы атанып, республикалық байқаудың финалистері болған. Сонымен қатар полиция инспекторы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпаздары қатарына кірді.
Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасында кәмелетке толмағандар ісі қызметінде жүрген Диляфруз Кенжеханова әдеттегідей жұмыс бабымен Шараповтар отбасымен танысуға барады. Кәмелетке толмаған 4 жасөспірімнің қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрген полиция қызметкерінің жүрегі қан жылаған.
Ұл балалардың үсті-басы кір, ал қаршадай қыздың ыдысты мұздай сумен жуғанын көріп жаны ауырады. Өзі де бес баланың анасы Диляфруз көз жасын тия алмай, жылап жіберген. Ол сол сәтте-ақ балаларды қамқорлығына аламын деп шешім қабылдаған. Оның бала асырап алу туралы қадамын жолдасы мен туғандары да түсіністікпен қабылдаған.
Әкесі жоқ, анасы қайтыс болған 4 баланы сол күнге дейін күнін әрең көріп жүрген атасы асырап келген. Полиция подполковнигі қарияны да барлығы 9 баламен бірге үйіне паналатқан.
Тоғыз бала тәрбиелеп отырған батыр ананы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Құрмет” орденімен, Ішкі істер министрі “Алғыс” статуэткасымен марапаттады.
Қазіргі таңда Д. Кенжеханова әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінде нәзік жандылардың мұңын жоқтап, құқығын қорғауда.
Қамқорлыққа зәру бүлдіршіндерді түрі мен тіліне қарамай бауырына басып, көпке үлгі болған бұл отбасылар бүгінде балалы үй базар болып, тату-тәтті күн кешуде.
Жүректері мейірімге толы екі полицей де отбасымен қатар өз қызметтік міндеттерін мінсіз орындап жүрген үлгілі офицерлер.