Жамбыл облысының полицейлері шетелдік азаматтың ауласынан каннабис бұталарын тәркіледі
Жамбыл облысының полицейлері шетелдік азаматтың ауласынан каннабис бұталарын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде 11 қыркүйекте Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Тосқауыл арнасы» халықаралық операциясы және «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберіндегі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жедел ақпаратты іске асыру мақсатында Қырғыз Республикасының 42 жастағы тұрғынының үйіне тінту жұмыстарын жүргізді.
Үйдің іргелес аумағын тексеру барысында бақшадан каннабис өсімдігінің күтіп, бапталған 22 бұтасы табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттар жалпы салмағы 6 келі 100 грамм болатын кептірілмеген марихуана есірткі екені расталды.
– Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, өйткені ер адам бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Осындай қылмыс жасағаны үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген, – деді Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Қазіргі таңда ұсталған азамат кінәсін мойындады, тергеу амалдары жүргізілуде.