Жамбыл облысының тұрғынынан атыс қаруы тәркіленді
Жамбыл облысының тұрғынынан атыс қаруы тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арнайы ақпаратты жүзеге асыру бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында заңсыз қару сақтаған Жаңатас қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында сарайдан қолдан жасалған қосауызды шолақ атыс мылтығы табылып, тәркіленді. Ер адам өз кінәсін мойындады.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы: 287-бабының 3-бөлігі (Атыс қаруын заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 288-баптың 1-бөлігімен (Қаруды заңсыз дайындау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сот-баллистикалық және дактилоскопиялық сараптамалары тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Айта кетерлігі, бұған дейін ол ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотты болған. Полиция қызметкерлері ұрланған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің заңсыз мақсатта қолданылуы және азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі мүмкін екенін еске салады. Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды табылған қаруды өз еркімен тапсыруға шақырады. Қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оны полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Анонимділікке кепілдік беріледі.