Жамбыл облысының тұрғынынан Қызыл кітапқа енген жануардың өлексесі мен қару табылды
Жамбыл облысының тұрғынынан Қызыл кітапқа енген жануардың өлексесі мен қару табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері облыстық балық шаруашылығы инспекциясымен, сондай-ақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемемен бірлесіп, Тоғызкент ауылдық округіне қарасты жайылымдардың бірінде браконьерлік жасады деген күдікке ілінген облыс тұрғынын ұстады. Тексеру барысында ер адамнан жабайы жануардың үш өлексесі, қоян және кекілік, Қызыл кітапқа енген қарақұйрық, сондай-ақ аңшы мылтығы табылып, тәркіленді.
Ер адамның айтуынша, ол қашып кеткен жылқысын осы аймақтардан іздеп, жабайы жануарларды көргеннен кейін оларды азық ретінде пайдалану үшін атуға шешім қабылдаған.
Қазіргі таңда заңсыз аң аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот сараптамалары тағайындалды.
Жамбыл облысының полиция департаменті 1- 29 ақпаны аралығында өңір аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерін және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтап, жолын кесуге, сондай-ақ экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтарды ашуға бағытталған «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатқанын хабарлайды.