Жамбыл полицейлері жоғалған жасөспірімді тапты
Жамбылдық полицейлер із-түзсіз жоғалған 13 жастағы жасөспірімнің тұрған жерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 27 қарашасында сағат 03:10-да Жамбыл АПБ-ға Жамбыл ауданының 66 жастағы тұрғыны 26 қарашада немересінің үйден белгісіз бағытта шығып, қайтып келмегені туралы хабарлаған болатын.
Полиция қызметкерлері шұғыл түрде баланы іздестіру бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын қабылдады, еріктілер қосылды.
Ауыл тұрғындары жасөспірімді соңғы рет вокзал маңында көрген. Жоғалған баланың 16 жастағы туған ағасының жауабында інісінің Шымкент қаласында күтуші болып жұмыс істейтін анасын сағынып, жиі қоңырау шалғанын көрсеткен.
Жамбыл АПБ-да баланың із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімнің тұрған жері анықталды. Бала Шымкент қаласына жол бойынан тосқан көлікпен келіп, жүргізушіге үйіне анасына апаруына көмек сұрап жүгінген.
Баланың айтуынша, енгізілген карантинге байланысты бір жыл бұрын қашықтықтан оқытуға көшкен. Осыған байланысты, оның анасы карантин кезеңінде балаларды бұрынғы күйеуінің анасына уақытша тұруға жіберу туралы шешім қабылдады. Анасын қатты сағынған жасөспірім Шымкент қаласына баруға шешім қабылдаған. Кейін баланың Шымкентке келгенін полиция қызметкерлеріне 39 жастағы жасөспірімнің анасы хабарлады.
Болған жағдай оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төндірмейді.