Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл полициясы жүргізушілерге жолда абай болуды еске салды

Жамбыл облысының полицейлері әрбір 10-жол-көлік апаты көлікті басқару кезінде ұйықтап кету салдарынан болатынын айтып, дабыл қағуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көлік жүргізу кезінде демалыс пен еңбек режимін сақтамайтын жүргізуші адам ықтималды кісі өлтірушіге айналады, сонымен қатар ол өзіне және жақындарына ғана емес, айналасындағы автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге де қауіп төндіреді. Ұйқышылдық жағдайы сергектік пен еңбек өнімділігін төмендетеді. Сондай-ақ зейін, есте сақтау қабілеті төмендейді, қозғалыс үйлесімділігі де баяулайды.

Жүргізушілердің басым көпшілігі дұрыс демалмаудың салдары қауіпті болатынын жете түсінбейді. Әсіресе бұл жағдай ұзақ жолға және алыс сапарларға шығатын, ауыр жүк көліктерін жүргізетін немесе жолаушы тасымалдайтын көлік жүргізушілеріне қатысты.

Мәселен, 27 қыркүйекте сағат 16:00 шамасында Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының 402-шақырымында Subaru Legacy автокөлігінің жүргізушісі Шымкент қаласы бағытынан Алматы қаласына қарай көлік жүргізіп келе жатып,  рөлде ұйықтап кетіп, жолда тұрақтап тұрған екі жүк автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Subaru Legacy жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Осы автокөліктің жүргізушісі және оның 3 жолаушысы, оның ішінде бір бала түрлі дене жарақаттарымен Тұрар Рысқұлов орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

– Жамбыл облысының барлық тұрғындары мен қонақтарына трассадағы көлік қозғалысы кезінде көлік жүргізушісін  бақылап, қадағалап отыруларыңызды сұраймыз. Көбіне жолаушылар жүргізушінің шаршағанын және ұйықтағысы келіп отырғанын біледі, көреді. Алайда мұндай жағдайға немқұрайлы қарайды. Ал  немқұрайлылық көп жағдайда ауыр зардапқа әкелуі мүмкін. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыз, – деп атап өтті ПД ЖПҚБ бастығы Ержан Мананбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру