Жамбылда "Автобус" іс-шарасы аясында 287 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді
Жамбылда "Автобус" іс-шарасы аясында 287 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар мен жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында Жамбыл облысының аумағында "Автобус"жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
Патрульдік полиция батальондарының қызметкерлері Батыс Еуропа - Батыс Қытай республикалық маңызы бар тас жолында қалааралық автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережесін бұзуын анықтау және жол бермеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Тәртіп сақшылары маршрутта жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуін және жүргізушілерде тіркеу құжаттарының болуын тексереді. Сондай-ақ, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауы да қаралады.
- Жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері барлығы 287 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде 92-сі республикалық маңызы бар тас жолда анықталды. Ең жиі кездесетіні маневр - жасау ережелерін бұзу. Екі күннің ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы (Маневр жасау қағидаларын бұзу) бойынша 50-ден астам автобус жүргізушісі жауапқа тартылды, - деп хабарлады Жамбыл облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.
Айыппұл тұрағына барлығы 11 автобус қойылды.