Жамбылда полицейлер балалар лагерлерінде профилактикалық шаралар жүргізді
Жамбылда полицейлер балалар лагерлерінде профилактикалық шаралар жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі алдын алу шаралары жүргізілуде. Қала сыртындағы лагерьлерде демалып жатқан жеткіншектермен полиция қызметкерлері тұрақты түрде кездесулер өткізіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беруде.
Әр лагерьге жауапты полицейлер бекітіліп, апта сайын балалар арасында тәртіп сақтау, тұрмыста және табиғат аясында өзін ұстау ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда демалушылардың төрт ауысымымен профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Серуендер, экскурсиялар және су айдындарындағы демалыс кезінде қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Полицейлер тәрбиешілерге балалардың су маңында үлкендердің бақылауынсыз жүрмеуі қажет екенін ескертіп, төтенше жағдайлардың алдын алу жолдарын түсіндіреді.
Сонымен қатар лагерлерде ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған балалар да демалуда. Оларға ерекше көңіл бөлініп, жеке әңгімелер мен әлеуметтік бейімдеуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бастамалар жазғы демалысты қауіпсіз әрі мазмұнды өткізуге, балалардың саналы азамат болып қалыптасуына негіз болмақ.