Жамбылда полицияға 113 кәмелетке толмаған бала жеткізілді
Жамбыл облысында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықты болдырмауға бағытталған рейдтер өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бір апта ішінде ІІО-ға 113 кәмелетке толмаған бала жеткізілді, 226 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Өткен аптада алкоголь өнімдерін сату ережелері туралы ҚР заңнамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 10 дүкен иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмаған балаларының түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 113 заңды өкіл ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігі бойынша жазаланды. Сондай-ақ 130 өзге де қоғамдық тәртіп бұзушылық анықталды. Апталық жұмыспен өтеу барысында профилактикалық есепке төрт кәмелетке толмаған және 12 кәмелеттік жасқа толмаған балалар тұратын сегіз қолайсыз отбасы қойылды. КБО-ға бес жасөспірім орналастырылды. Мереке күндері 3-7 шілде аралығында кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы ортаға тартуға жол бермеу мақсатында аталған іс-шаралар күшейтілетін болады, – деп хабарлады Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.