Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері Бауыржан Момышұлының туған жерінде тағылымды шара өткізді
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері Бауыржан Момышұлының туған жерінде тағылымды шара өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Жуалы топырағында тағылымы мол, өнегесі зор іс-шара өткізді. Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған қасиетті мекенде өткен мерекелік жиын "Міндет. Абырой. Ерлік" деген атаумен ұйымдастырылды.
Игі дәстүрге айналған бұл салтанатты шараға департамент басшылығы, ҚАЖ саласының және Ауған соғысының ардагерлері, жеке құрам қызметкерлері мен жас мамандардың ата-аналары қатысты.
Мемлекеттік Әнұранмен бастау алған жиында алғаш болып сөз алған департамент бастығы, әділет подполковнигі Жәнібек Қосжанов қос бірдей мерекенің ел тарихындағы маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол тәртіп сақшыларының ел ішіндегі тыныштық пен қауіпсіздікті сақтаудағы жауапты миссиясы мен қажырлы еңбегін айрықша атап өтіп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
– Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тәуелсіз еліміз үшін айрықша маңызға ие. Біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүріп отырсақ, ол – қан майданда жанын шүберекке түйіп, Отан үшін от кешкен жауынгер бабаларымыздың ерен ерлігінің арқасы. Сол себепті оларға деген құрмет – мәңгілік парызымыз. Ал Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бүгінгі қазақстандық жауынгерлер осы борышты абыроймен атқаруда. Рухы мықты елдің болашағы да баянды болмақ, – деді департамент басшысы.
Мерекелік шара аясында 60-қа жуық жас қызметкер ант қабылдап, ҚАЖ саласының қатарын толықтырды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, кәсіби біліктілігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен олардың ата-аналарына құрмет көрсетілді. Ал жаңадан қызметке кіріскен мамандарға ер Баукеңнің "Ұшқан ұя" кітабы сыйға тарту етіліп, олардың бойына отансүйгіштік пен рухани мұраны дәріптеудің бір белгісі ретінде ұсынылды.
Жиын соңында қатысушылар Бауыржан Момышұлының мемориалдық мұражайын аралап, батырдың өнегелі өмір жолымен танысып, ұлттық рухтан сусындады.
Салтанатты шара патриоттық әндермен өрілген концерттік бағдарламамен түйінделді.