Жамбылда студенттерге құқықтық салада өздерін қалай қорғау керектігі түсіндірілді
Жамбылда студенттерге құқықтық салада өздерін қалай қорғау керектігі түсіндірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері М.Дулати атындағы Тараз университетінің студенттерімен "Заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды" тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесу барысында қатысушылар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауды талқылады.
ПД Киберқылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Шохан Әлжанов цифрлық ортадағы кең таралған қауіптер – фишинг, интернет-алаяқтық, кибербуллинг туралы айтып берді. Ол жеке деректерді, құпиясөздер мен аккаунттарды қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, кибершабуыл болған жағдайда не істеу керектігін және қайда жүгіну қажет екенін түсіндірді.
Мысалы, алаяқ өзін банк қызметкері, мемлекеттік орган өкілі, құқық қорғаушы немесе инвестициялық компанияның қызметкері ретінде таныстыруы мүмкін. Жеңіл пайда табуды көздегендер бірден жеке деректерді сұрап немесе күмәнді сілтемелерге өтуді талап етіп, оңай әшкереленеді.
Соңғы уақытта олар жақын адамыңыздың жол апатына түскені туралы айтып қоңырау шалатын болған. Мұндайда үрейге бой алдырмай, алған ақпаратыңызды бірнеше рет тексеріп алыңыз.
ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі ауданаралық бөлімнің аға жедел уәкілі Құндыз Бөгенбаева әрбір азаматтың "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтудағы рөлін атап өтті. Құқықтық мәдениет заңға құрметпен қараудан және жеке жауапкершілікті сақтаудан басталатынына ерекше назар аударды.
Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының инспекторы Ақерке Мейірбек өз сөзінде құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мәселелерін назарға алып, үміткерлерге қойылатын талаптар мен іріктеу кезеңдерінен өту шарттарын түсіндіріп, қызмет барысындағы жеке тәжірибесімен бөлісті.
Кездесуден кейін көптеген студент құқықтық мәселелерді тереңірек зерттеуге қызығушылық танытты.