Жамбылдық полицейлер 130 келіден астам марихуана сақтаған есірткі сатушыны ұстады
Жамбылдық полицейлер 130 келіден астам марихуана сақтаған есірткі сатушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлерімен жедел ақпаратты жүзеге асыру нәтижесінде Меркі ауданында 45 жастағы есірткі өткізуші ұсталды. Есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу операциясын Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізді. Шаруа қожалығының аумағында мал бағумен айналысатын шопан иелерінің жоқтығын пайдаланып, ұзақ уақыт бойы тыйым салынған заттарды сақтап келген.
Аумақты тексеру барысында ол екі жасырын орынды көрсетті. Онда ағаштардың астында өткір иісі бар өсімдік тектес заттың үш пакеті мен екі елек жасырылған және одан 400 метр қашықтықта алты қап пен үш пакет анықталды. Алынған заттар сараптама нәтижелеріне сәйкес, жалпы салмағы 130 келіден асатын кептірілген марихуана. Ұсталған азамат Меркі ауданының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
– Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деп атап өтті ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.