Жамбылдық полицейлер бір тәулік ішінде жоғалған жасөспірімді тапты
Жамбылдық полицейлер бір тәулік ішінде жоғалған жасөспірімді тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 1 наурызда Тараз қаласының Полиция басқармасына кәмелетке толмаған ұлы Жәнібек Жүзбайдың (2006 ж.т.) із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша 1969 жылы туған азаматша Ж.Джузбаева өтінішпен жүгінді, ұлы осы күні таңертең үйінен белгісіз бағытта шығып, қайтып оралмаған.
Аталған дерек бойынша Тараз қаласының Полиция басқармасының қызметкерлерімен кідіртпей сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, өйткені полиция қызметкерлері жоғалған жасөспірімнің көзі көрмейтін 2 – топтағы мүгедек екенін анықтады.
Жәнібекті іздеуге қалалық және аудандық полиция бөліністерінің жеке құрамы жұмылдырылды. Сонымен қатар, іздеу шараларына Жамбыл облысының еріктілері қосылды.
Бір тәуліктен кейін Тараз қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері із-түзсіз жоғалған кәмелетке толмаған Ж.Жүзбайдың Алматы қаласында тұрған жерін анықтады. Қазіргі уақытта жасөспірім үйіне аман – есен оралды.