Жамбылдық полицейлер екі күн ішінде 4 қару, граната және 40 патрон тапты
Жамбылдық полицейлер екі күн ішінде төрт қару, граната және 40 патрон тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жаппай тәртіпсіздік барысында ұрланған қарудың орналасқан жерін анықтау бойынша күн сайын іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері облыс орталығының аумағында төрт қару, екі граната, патрон, электрошокер, штық-пышақ тауып, тәркіледі.
Табылған қарулар арасында оқжатары бар Калашников автоматы, ТОЗ-БМ екі ұңғылы аңшылық мылтығы, EKOL Special 99 травматикалық тапаншасы, Макаровтың тапаншасының оқжатары, ГСЗ екі граната, ЭШУ-200 екі электршокері, штык-пышақ, 9 мм калибрлі 40 патрон, бос калибрі 16 мм гильзалар табылды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Табылған қаруларға сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.