Жамбылдық полицейлер ғимарат қабырғасынан 650-ден астам есірткі граффитиді алып тастады
Жамбылдық полицейлер жыл басынан бері ғимарат қабырғасынан 650-ден астам есірткі граффитиді алып тастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қарасора – 2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, «Тараз есірткіге қарсы» акциясын өткізді. Акция барысында есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын Тараздағы үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы граффити жазбалары алынып тасталды. Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде қала бойынша 130-дан астам, ал жыл басынан бері 650-ден астам жазба жойылды.
Сонымен қатар Жамбыл облысының полицейлері интернет желісіне мониторинг жүргізу арқылы Telegram қосымшасында жұмыс істеген 35 интернет-сайтты орнатты. Қазіргі уақытта аталған интернет арналар бұғатталды, сайттар мен жазбаларды орналастыруға қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау бойынша іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
– Граффити жазуларын енгізгені және интернет желісінде көрсетілген мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы 1-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша үш жылға дейінгі мерзімге, 2-бөлігі бойынша үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы көзделген. Есірткімен бетбелгі жасайтындар есірткі заттарын өткізгені үшін жауап береді және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады, онда бес жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал жалпы білім беру мекемелерінде есірткі заттарын өткізгені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген, – деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.