Жамбылдық полицейлер кәмелетке толмағандарға рейдтік іс-шараларды күшейтті
Жамбыл облысының полицейлері көктемгі демалыс кезінде кәмелетке толмағандарға рейдтік іс-шараларды күшейтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының аумағында полиция қызметкерлері көктемгі демалыс кезінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жазатайым оқиғалар мен өзге де оқиғалардың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізіп жатыр.
Полицейлер балаларға қоғамдық орында және көпшілік демалатын орындарда тиісті тәртіпті, қауіпсіздік ережелерін, сондай-ақ өздері пайдаланатын жеке заттарының сақталуына қатысты жауапкершілікті түсіндірді.
Жасөспірімдерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігін, ролик және велосипед теуіп жүргенде құлаққап пайдаланудың қауіптілігі туралы ескертті.
Полиция кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерсіз жүру жағдайларына ерекше назар аударады. Кәмелетке толмағандар ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін және үйден тыс жерде сағат 23:00-ден 6:00-ге дейін ғана жүре алады.
Кәмелетке толмағандар жөніндегі инспекторлар жастар шоғырланатын жерлерді және ойын-сауық орындарын тексеріп, ІІО-да есепте тұрған жасөспірімдердің үйлеріне барып, қадағалап жатыр.
Демалыс басталғаннан бері полиция бөлімдеріне 236 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді, 418 заңды өкіл мен өзге де ересек адамдар жауапқа тартылды.
– Ата-аналары жұмыста болғандықтан, демалыс кезінде балалар көбіне жалғыз жүреді. Кәмелетке толмағандар тарапынан және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін заңды өкілдер балаларының бос уақытына бақылауды күшейтуі, олармен қауіпсіздік ережелері бойынша әңгімелесулері қажет. Сондай-ақ баласының қайда жүргенін бақылауда ұстағаны абзал. Құрметті ата-аналар, балаларыңыз кәмелетке толғанға дейін жауапты болатындарыңыз естеріңізде болсын, – дейді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.