Жамбылдық полицейлер тонау жасаған күдіктіні ұстады
Жамбылдық полицейлер тонау жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қаласының полициясына облыс орталығында тұратын 42 жастағы әйел адам хабарласып, сағат 15.00 шамасында базардың автотұрағына қойып кеткен көлігінен белгісіз адамның ақша салынған әмиянды ұрлап кеткенін айтып шағымданған. Көліктің артқы орындығында 8 жастағы қызы отырған себепті, есігін құлыптамаған. Әмиянда 200 АҚШ доллары және 10 мың сом ақшасы болған.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабының 3-бөлігімен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Көлікте отырған қыз полицейлерге көзілдірік пен медициналық бетперде киген адамның есікті ашып, көліктің алдыңғы орындығында жатқан әмиянды ұрлап әкеткенін көргенін айтқан.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктіні анықтап, ұстады. Ол осыдан бір ай бұрын бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 41 жастағы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты.
Күдікті кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.