Жамбылдық полицейлер «Мал ұрысы» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді
«Мал ұрысы» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Жамбыл облысының полицейлері мал ұрлығының 16 дерегін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 72 бас мал иелеріне қайтарылды.
Мәселен, биылғы жылдың 18 қарашасында полицияға Т.Рысқұлов ауданы тұрғындарының бірі белгісіз тұлғалардың жайылымнан 23 бас ірі қара малын ұрлағаны туралы арызданған.
Келтірілген шығын көлемі бес млн. теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы қылмысқа Байзақ ауданының екі тұрғынының қатысы бар екені анықталды.
Ұсталғандар қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігі (Мал ұрлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жамбыл облысында 2020 жылдың 10 айында 169 мал ұрлығы тіркелген. Ұрланған 623 бас малдың 295-і иелеріне қайтарылып, жалпы сомасы 30 миллион теңгеден астам материалдық шығын өтелді.
Тіркелген мал ұрлығы деректері бойынша полиция қызметкерлері 93 адамды, оның ішінде 35 адамнан тұратын 16 топты ұстады.
Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарға жеке шаруашылықтарындағы малдарына бақылауды күшейтуді және оларды жайылымдарда қараусыз қалдырмауды, сондай-ақ бейтаныс адамдарға мал бағуды тапсырмауды ескертеді.