Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер облыс жолдарынан 3 мыңнан астам ақауды анықтады

Жамбылдық полицейлер облыс жолдарынан 3 мыңнан астам ақауды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Үш айда Жамбыл облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері жалпы пайдаланудағы ұзындығы 4 257 шақырым көлік жолдарына қатысты 600-ден астам тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында облыстың автожолдарында 3 243 ақау дерегі анықталды. Жол мекемелерінің басшыларына және жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою бойынша 608 ұйғарым жіберілді.

Жамбыл облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев атап өткендей, автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 61 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көлік жолдарында жұмыс жүргізу, жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа да жол құрылысы нысандарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабының 1-бөлігі бойынша 42 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір тұлғаға қатысты осыған ұқсас құқық бұзушылық дерегі үшін, алайда салдары жол-көлік оқиғасын жасауға әкеп соқтырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 631-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да құрылыстардың немесе жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарының жарамсыздығы үшін ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабы 1-бөлігі бойынша 18 лауазымды адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, Тұрар Рысқұлов аудандық полиция бөлімі берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша аудандағы көлік жолдарын күтіп ұстауға жауапты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру