Жамбылдық полицейлер өз әріптестеріне тосынсый әзірледі
Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі полицей ханымдарға тосынсый ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінің түрлі қызметтерінде 275 әйел қызмет етеді, олар тергеуші, жедел уәкіл, криминалист, әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі және көші-қон полициясы инспекторлары ретінде, сондай-ақ басқа да көптеген бөлімдерде қызмет атқарады.
Полицей погонын таққан қыз-келіншектер жұмыста ғана емес, отбасында да үлкен жауапкершілік арқалайды. Өз өмірлерін ауыр да қауіпті қызметке арнағандықтан олардың тіпті балаларымен саябақта қыдыруға уақыттары да бола бермейді.
Сондықтан да Жамбыл облысының ПД баспасөз қызметі сұлу қызметкерлері үшін олардың қыздары мен сіңлілеріне арналған фотосессия ұйымдастырды.
Балалардың шынайы күлкілері мен жылы құшақтары фотосуреттерді мейірімге, нәзіктікке және ғажайыпқа толтырып, полицей ханымдарға ерекше көңіл-күй сыйлады.