Жамбылдық полицейлер пиротехниканың заңсыз саудасының 12 дерегін анықтады
Жамбылдық полицейлер пиротехниканың заңсыз саудасының 12 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылдық мерекелерді өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдардың қолданыс айналымы ережесінің сақталуын бақылау мақсатында Жамбыл облысының аумағында «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
Полиция қызметкерлері Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен, сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп, Тараз қаласында орналасқан базарлардың аумағында пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату деректерін анықтау бойынша 49 рейдтік іс-шара өткізді.
– Рейдтер барысында азаматтық пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың – 12 дерегі, елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолданудың жеті дерегі анықталды, – деді Жамбыл облысының ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мәмбет Смаилов.
Жамбыл облысының Полиция департаменті жарақаттануды болдырмау мақсатында пиротехникалық өнімді тек оны сату үшін арнайы бөлінген орындардан сатып алуға кеңес бере отырып, міндетті түрде пиротехникалық өнімге лицензиялар мен сертификаттар берілетіндігін ескертеді.
Егер сізге пиротехникалық өнімдердің стихиялық саудасы туралы белгілі болса, Жамбыл облысының Полиция департаментіне «102» телефоны бойынша хабарлауыңызды сұраймыз.