Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер қарулы қылмыскерді ұстау барысының бейнежазбасын жариялады

Жамбылдық полицейлер қарулы қылмыскерді ұстау барысының бейнежазбасын жариялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

19 ақпан күні Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел ақпаратты жүзеге асыру мақсатында қару сақтады деген күдікпен 26 жастағы Жаңатас қаласының тұрғынын анықтады.

Арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті Mercedes-Benz автокөлігінен шығу туралы полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қарсылық көрсетіп, қашпақ болып, нәтижесінде көше бойында тұрған көлікті соғады. Сол мезетте жүргізушінің алдыңғы есігін ашып, сыртқа шығармақ болған полиция қызметкерін көлігімен бірге жоғары жылдамдықпен сүйреп алып кетеді.

Оны тоқтату мақсатында полиция қызметкерлері алдымен ауаға, одан соң көліктің дөңгелегіне оқ атқан соң аталған автокөлік аялдамаға соқтығысады. Соған қарамастан, күдікті және көлікте бірге болған үш танысы (Жаңатас қаласының 31, 29 және 26 жастағы тұрғындары) бой тасаламақ болған, алайда полиция қызметкерлерімен олардың барлығы ұсталды.

Күдіктінің автокөлігінен 1 ауызды 12 калибрлі МР-153  тегіс ұңғылы мылтығы 4 дана оғымен, 1 ауызды 410 калибрлі Сайга-410 тегіс ұңғылы мылтығы 13 оғымен, 5,6 мм калибрлі Марголин тапаншасы 7 дана оғымен, 1 дана оққағар (бронежилет), 1 дана газды-дыбысты гранатасы және асхана пышағы тәркіленді.

Одан бөлек, оның Жаңатас қаласындағы тұрғылықты мекенжайы бойынша өзінің қатысуымен тінту жүргізу барысында пневматикалық BORNER тапаншасы, 6 оқ және матаға оралған ерекше иісі бар шөп тәрізді зат табылды.

Күдікті медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, есірткі тұтынғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабының 1-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері), ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Сот-медициналық және сот-баллистикалық сараптамалары тағайындалды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру