Жамбылдық полицейлер синтетикалық заттарды тұтынуды анықтауға арналған рейд жүргізді
Жамбылдық полицейлер синтетикалық заттарды тұтынуды анықтауға арналған рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz
22-24 шілде аралығында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және ПД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері бірлесіп, Тараз қаласының көңіл көтеру орындарында құқық бұзушылықтарды, оның ішінде есірткі, психотроптық және синтетикалық заттарды тұтынуды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді.
Тексеру барысында 25 ойын-сауық мекемелерінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 12 дерек анықталды. Бұл бап бойынша 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза көзделген.
Сонымен қатар, тексеру жүргізілген барлық ойын-сауық мекемелерінде Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2013 жылғы 14 наурыздағы қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараттық парақшалар таратылды.
– Тараз қаласының дәмхана-барларының әкімгерлеріне ҚР ӘҚБтК-нің 422-бабына сәйкес, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізудің және медициналық емес тұрғыдан тұтынудың жолын кесуге шаралар қолданбау шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 150 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 мың теңге мөлшерінде айыппұл салу бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз. Сондай-ақ, қылмыстық жауапкершілік бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, – деді Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының Д. Қойториев.