Жамбылдық тергеушілер ірі көлемдегі зергерлік бұйымдарды ұрлаған күдіктіні ұстады
Жамбылдық тергеушілер ірі көлемдегі зергерлік бұйымдарды ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 9 наурызында Тараз қаласының Полиция басқармасына 56 жастағы жергілікті тұрғыннан жеке мүлкінің ұрланғаны туралы шағым келіп түсті. Аталған дерекке қатысты Тараз қаласының Полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (Аса ірі көлемдегі ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Осы қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркілене отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді.
Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында 2021 жылдың ақпан айында шағымданушы әлеуметтік желілер арқылы белгілі бір ақыға үй қызметкерін жалдағаны анықталды. Үй қызметкерінің соңғы келісінен кейін қымбат зергерлік бұйымдар жоғалып кеткен.
Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен Тараз қаласында тұрып, жұмыс істейтін Өзбекстан Республикасының 30 жастағы азаматшасын анықтады.
Күдікті зергерлік бұйымдарды ұрлағанын мойындады және олардың бір бөлігін ломбардқа тапсырғанын, ал қалғанын сенімді жерге жасырып қойғанын айтты.
Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.