Жамбылдық тергеушілер облыстық прокуратура қызметкерлерімен тәжірибе алмасты
Жамбылдық тергеушілер облыстық прокуратура қызметкерлерімен тәжірибе алмасты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 20 ақпанында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан жаңа жағдайда; іс-қимыл уақыты» атты Жолдауын іске асырып және орындау мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің криминалистік полигонында облыстық және қалалық прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен бірлескен «Оқиға орнын тексеру» сабақтар өткізілді.
Осы тақырып бойынша дәрісті Жамбыл облысының Полиция департаменті Тергеу басқармасының тәжірибелі тергеушісі Мәди Көкрекбаев оқып, кісі өлтіру дерегі бойынша оқиға болған жерді тексеру ерекшеліктерін көрнекі түрде көрсетті, ЖКБ аға криминалисі Руслан Сатритдинов криминалистикалық чемоданның ішіндегі көрнекіліктерді жекелеп түсіндірді. Олардың көмегімен заттай дәлелдемелер мен айғақтарды табуға және алуға болады.
Тәжірибелік сабаққа ИСЭ сот-медициналық сарапшылары қатысып, оқиға орнын тексеру, сондай-ақ өлімнің себебін анықтау бойынша мәйітті тексеру тәртібін көрсетті, тәркіленген заттар бойынша қажетті зерттеулер туралы айтты.
Бұдан әрі аса ауыр қылмыстардың түрлері бойынша ұқсас сабақтар өткізілетін болады.