Жамбылдық тұрғын есірткі жинау үшін фазендада малшы болып жұмыс жасаған
Жамбылдық тұрғын есірткі жинау үшін фазендада малшы болып жұмыс жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Допинг – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Байзақ ауданының 36 жастағы және Жуалы ауданының 44 жастағы тұрғындары аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен ұсталды.
Операцияны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы бөлініс қызметкерлерімен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспары шеңберінде жүргізді.
Полицейлер Байзақ ауданында Қасқа байтал жайылымында 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы КамАЗ жүк көлігін тоқтатты.
Жүргізушіден бөлек, көлікте Жуалы ауданының 44 жастағы тұрғыны болған, ол жергілікті шаруа қожалығында малшы болып жұмыс жасаған. Жауап алу кезінде ол марихуана дайындауға бел буғанын және осы мақсатта адам аз орын іздегенін, сондықтан шалғайдағы ауылдық жерге шопан болып жалдамалы жұмысқа тұрғанын айтты.
Шопанды тінту кезінде пакеттен салмағы 3 келі 730 гр кептірілген марихуана, 185 грамм 99 мгр гашиш және 67 грамм 34 мгр каннабис шайыры есірткі заттары табылды.
Ал 36 жастағы жүргізушінің қалтасынан салмағы 5,88 грамм каннабис шайыры есірткі заты табылып, тәркіленді.
– Ұсталғандар өз кінәларын толық мойындады. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚІҚБ бастығы Әлім Бажықбаев.