Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды

Түркістан облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне «Самара-Шымкент» тас жолы бойындағы «газ құю» бекетінде оператор болып қызмет атқаратын жергілікті тұрғын арызданды.

Жәбірленушінің айтуынша, түнгі 12-лер шамасында нөмірсіз көлік мінген бейтаныс жас жігіттер пышақпен қорқытып, кассадағы 10 000 теңге мен ұялы телефонын алып кеткен. Арыз иесі көліктің алдыңғы орнында жас қыздың болғанын айтты.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша тіркелді. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер тез арада іске кірісті. Осы қылмыстың «ізін суытпай» ашу үшін аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті шаралар жүзеге асырылды.

Күдіктілерді ұстау мақсатында, олардың мінген көліктерінің белгілері бойынша, бейнебақылау камералары тексерілді. Нәтижесінде полицейлер үш күн ішінде күдікті үш жігітті Шымкент қаласындағы ауылдардың бірінен ұстады. Көлік ішінде болған бойжеткенді өзі жұмыс істейтін кафеден тапты.

Күдікті жігіттердің барлығы Абай ауданының тұрғындары боп шықты. Олар мұндай қадамға ақша керек болған соң бардық дейді. Қарақшылық жолмен алған ұялы телефонды ломбардқа өткізіп, қаржының бәрін өз пайдасына жаратып жіберген. Күдіктілердің үшеуі де қамауға алынды.

Қазір ҚР Қылмыстық Кодексiнің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру