Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа өмірге бастар жол: Сотталғандарды кәсіптік оқыту оңалуға оң ықпал етеді

Сотталғандарды кәсіптік оқыту оңалуға оң ықпал етеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі тек қоғамнан оқшаулау шарасымен шектелмейді — басты назар сотталғандарды әлеуметтендіруге, олардың қайта қоғамға бейімделуіне бағытталған. Бұл үдерістің жарқын үлгісінің бірі – Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінде жүзеге асып жатқан қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары.

Аталған бастама шеңберінде "ТАНДЕМ XXI" ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында сотталғандарға арналған тігін ісі бойынша үш айлық кәсіби курстар ұйымдастырылмақ. Ерекше атап өтерлігі — компания оқытумен шектеліп қалмай, тігін өнімдеріне нақты өндірістік тапсырыстар беруге дайын. Бұл сотталғандарға тек білім мен тәжірибе алып қана қоймай, өз еңбегі арқылы табыс табуға да мүмкіндік береді.

Мұндай серіктестік — мемлекеттің, бизнес пен қоғамның ортақ әлеуметтік міндеттерді шешудегі үйлесімді іс-қимылының айқын көрінісі. Еңбекке баулу, кәсіп үйрету арқылы сотталғандар жаңа өмірге қадам жасап, болашақта қоғамға толыққанды мүше болып оралуға ынталанады. Бұл – тек кәсіби емес, адами тұрғыдан да маңызды өзгерістерге бастайтын жол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру