Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа оқу жылы: Қостанай полицейлері балаларға жол ережесін түсіндірді

Қостанайда полиция қызметкерлері жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға жол қозғалысы ережелерін еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Осы демалыс күндері полиция қызметкерлері Әуежай шағын ауданының аулаларының бірінде ерекше іс-шара өткізді. Патрульдік көлік, көздің жауын алатын шарлар жергілікті балалардың назарын аударды. Полиция қызметкерлерінің жанына ондаған ұл-қыз жиналды. Іс-шараға балаларымен бірге жүрген ата-аналар да қосылды.

Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Айнұр Сағандықова мен Гүлжанат Шаяхметова балалар арасында жол қозғалысы ережелері тақырыбында викторина өткізді. Әр дұрыс жауап үшін фликерлер, жадынамалар, шарлар және тәтті сыйлықтар берілді.

Сондай-ақ балалар кинолог маманның бұйрығын бұлжытпай орындаған Тесла есімді қызметтік иттің өнерін тамашалады. Балалар полицейлердің барлық сұрағына қуана жауап беріп, сыйлықтар алды.

Іс-шара 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін “Назар аударыңыз – балалар!” республикалық акция аясында ұйымдастырылды. Осылайша, полицейлер балаларға жолдағы қауіпсіз мінез-құлықты еске салды.

Қостанай облысының ПД осы жылдың басынан бері облыс жолдарында балалардың қатысуымен 96 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, салдарынан бір кәмелетке толмаған бала қаза тапқанын, тағы 171 бала жарақат алғанын атап өтті.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру