Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаңа оқу жылының басталуына орай маңғыстаулық полицейлер қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшірілді

Жаңа оқу жылының басталуына орай маңғыстаулық полицейлер қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшірілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жаңа оқу жылынан бастап оқушылар дәстүрлі түрде мектеп қабырғасында білім алатын болады. Облыс мектептерінде бүгін бірінші сынып оқушыларына арналған алғашқы қоңырау салтанаты өткізілді. Тәртіп сақшылары да қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшіріліп, қоғамдық тәртіпті және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалардың қатысуымен орын алатын оқыс оқиғаларды болдырмау барысында жұмыс атқаруда.

Өңірімізде 23 тамыз бен 9 қыркүйек арасында “Абайлаңыз-балалар!” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Екі кезеңнен тұратын шараның алғашқы дайындық кезеңі өз мәресіне жетті.

Дайындық кезеңінде полиция қызметкерлерімен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап өтсек, жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірлесіп жалпы білім беретін мекемелер, балалар ұйымдары және оларға іргелес аумақтарда орналасқан көше-жол желісінің жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық жай-күйіне 134 тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға 86 жазбаша нұсқама жолданды. Нәтижесінде, облыс бойынша 37 реттелмеген жаяу өтпесінің таңбалары жаңартылып, 76 жол белгісі ауыстырылып, 19 жасанды ойлы-қырлылық орнатылды.

– Бүгін барлық мектептерге полиция қызметкерлері бөлініп, ата-аналар мен балалар арасында тағы бір мәрте түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты. Сонымен қатар, біздің ұсынысымызбен жол бойына 40-қа жуық макет орналастырылды. Макетте жолдан өткелі тұрған балалардың, полицейлердің суреті бейнеленген. Бұл көлік жүргізушілерінің назарын аударуға және жаяу жүргінші өткелдеріне жақындағанда жылдамдықты бәсеңдетуге септігін тигізеді деп сенеміз, – деп атап өтті өңір полициясының басшысы Жанарбек Бақтыбаев.

“Абайлаңыз – балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі кезеңі 1 мен 9 қыркүйек аралығында өткізіледі. Бұл кезеңде полиция қызметкерлері күнделікті мектептерде оқушылар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, оқушылардың мектепке қауіпсіз келіп-кетуін қамтамасыз ететін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру