Жаңа телефон сатып алмақ болған астаналық азамат алаяққа алданған
Жаңа телефон сатып алмақ болған астаналық азамат алаяққа алданған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын хабарлаған.
Алматы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен 20 жастағы азаматты анықтады. Тергеу барысында жас жігіт Instagram әлеуметтік желісінде электронды техника сату туралы жалған жарнама жариялағаны белгілі болды. Алаяқтың қармағына ілінген жәбірленуші Iphone 14 телефонына тапсырыс беріп, ақшасын алдын ала жіберіп қойған. Алайда уәде етілген мерзімде телефон жеткізілмеген. 454 мың теңгеден астам тұратын жаңа гаджетсіз қалған қала тұрғыны полицияға жүгінген.
Аталған фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жігіттің елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.