Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе облысы полицейлерінің автопаркі 32 жаңа автокөлікпен толықты
Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе облысының тәртіп сақшыларының автопаркі 32 жаңа автокөлікпен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөліктердің басым көпшілігі учаскелік полиция инспекторларына беріледі. Ал, квадроциклдер патрульдік полиция қызметкерлеріне тапсырылады. Көліктер белгіленген стандарттарға толық сәйкес келеді, қажетті техникалық құралдармен жабдықталған. Бұл құқық қорғау органдарына қоғамдық тәртіпті бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Автокөліктердің кілттерін тәртіп сақшыларына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров тапсырды.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев полиция қызметкерлері ең алдымен, өз еліне, өз халқына адал қызмет етуі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Өңірде облыстың құқық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайлар жасалуда. Автокөліктердің учаскелік полиция инспекторларына берілетіні қуантады. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі тұрғындардың сенімі болып табылады, сондықтан сіздердің адал еңбектеріңіз бен қызметке деген жауапкершілігіңіз біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болуға тиіс, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Hyundai Tucson маркілі 22 автокөлік Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторларына таратылады, ал Газель-Next маркілі 10 автокөлік тергеу қамауына алынған адамдарды тасымалдау үшін аудандық бөлімдерге беріледі. 3 квадроцикл патрульдік полиция қызметкерлеріне саяжай алаптарын, жағалауларды патрульдеу кезінде пайдалану үшін тапсырылады, ал арнайы техника – Белорус тракторы полиция бөлімдерінің аумақтарын абаттандыруға және қызметте басқа да шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылатын болады.
– Ішкі істер министрлігі мен облыс әкімдігі тарапынан полицейлердің тиімді жұмысы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Өз кезегінде Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындауға әзір. Барлық заманауи талаптарға сәйкес келетін автокөліктермен жабдықталу – бізге қылмыстар мен оқиғалар туралы хабарларға дереу ден қоюға мүмкіндік береді, – деді облыстық ПД бастығы Абай Жусупов.