Жаңа жыл қарсаңында полиция күшейтілген режимде жұмыс істейді
Жаңа жыл мерекесіне орай Түркістан облысының полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жеке құрамның қатысуымен саптық жиын өткізіп, қызметкерлердің дайындық деңгейін жан-жақты тексерді. Ол полиция қызметкерлерінің нысанды киім үлгісін, қызметтік құжаттарын және қызметтік көліктерінің техникалық жай-күйін мұқият қадағалады.
Ішкі істер министрі Ерлан Саденовтің тапсырмасына сәйкес, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін қызметкерлерге нақты міндеттер жүктелді. Саптық байқау аяқталған соң, полиция қызметкерлері тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында салтанатты түрде сап түзеп, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға кірісті.
Жаңа жыл қарсаңында өңір тұрғындарының тіршілігі ерекше қарбаласқа толы болатыны белгілі. Көшелерде көлік қозғалысы көбейіп, кептелістер жиі орын алады. Осындай сәтте полиция қызметкерлері өңір тыныштығын сақтап, қоғамдық тәртіпті күзету үшін күшейтілген режимде жұмыс істейді. Олар Жаңа жылды отбасыларымен емес, қызмет бабында қарсы алуға әзір.
Сол себепті әрбір тұрғынды қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтап, мерекені тыныш әрі жағымды көңіл күймен өткізуге өз үлесін қосуға шақырамыз.