Жаңа жыл түнінде 200-ден астам полицей петропавлдықтардың тыныштығын қорғайды
Жаңа жыл түнінде 200-ден астам полицей петропавлдықтардың тыныштығын қорғайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов құқықтық тәртіпті сақтау бойынша кезекшілікке түсетін полицияның кешенді күштерінің гарнизондық сап түзеуін өткізді.
Оған учаскелік инспекторлар, Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметшілер мен жеке күзет құралымдарының қызметкерлері қатысты.
Бұл қызметтердің барлығы жаңа жыл түнінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Адамдар көп жиналатын жерлерде бейнебақылау күшейтіледі. Жалпы облыс бойынша жұмыс орындарында полицияның жеке құрамының 30%-ы болады.
Генерал-майор Қабдұлдинов қызметкерлердің сыртқы киім-киісін, арнаулы құралдары мен құжаттарын тексеріп, саптық байқау өткізді. Сондай-ақ ол қызметкерлерге алдағы мереке күндері қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтауды, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуды тапсырды.
– Азаматтардың арыз-шағымдарына, өтініштері мен қоңырауларына уақтылы ден қою, оқиға орнына келу, адамдарға жедел көмек көрсету сіздердің жылдам әрекеттеріңізге байланысты екенін ұмытпаңыздар. Қала тұрғындары полиция олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігіне, тыныштықты қорғайтынына және көшеде тәртіпті сақтайтынына сенімді болуы керек, – деді өңірдің бас полицейі.